Қамқоршылық кеңесінің жиналысы
2018 жыл 2 ақпан күні «Қ.Дүтбаева атындағы Атырау гуманитарлық колледжі» коммуналдық мемлекеттік қазыналық кәсіпорны мекемесінде Қамқоршылық кеңесінің жиналысы өтті. Жиналысқа Қамқоршылық кеңес мүшелері мен С.Ы.Есенғалиев -Атырау облысының Білім саласындағы бақылау департаментінің басшысы, Г.Б.Каментаева- колледж директорының м.а., Н.Е.Муксиева-директордың оқу-өндірістік жұмысы жөніндегі орынбасары қатысты. Жиналыстың мақсаты Қамқоршылық кеңес мүшелеріне Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің «Білім беру ұйымдарында қамқоршылық кеңестің жұмысын ұйымдастыру және оны сайлау тәртібінің үлгілік қағидаларын бекіту туралы» 2017 жылғы 27 шілдедегі №355 бұйрығын және Қамқоршылық кеңеске мүше болуға үміткерлердің жазбаша келісімімен алынған ұсыныстардың негізінде Атырау облысы Білім беру басқармасы 2018 жылы 15 қаңтардағы №37 бұйрығын таныстыра отырып, Қамқоршылық кеңестің төрағасын, хатшысын сайлау, жұмыс жоспарын бекіту, колледж басшысының есебін тыңдау болды. Жиналыс соңында Қамқоршылық кеңес отырысы шешімімен Қамқоршылық кеңесінің төрағалығына- №19 Қ.Сәтпаев атындағы мектеп – гимназиясының директоры А.Мырзағалиев, хатшылығына колледж ата-анасы Ж.Жаксамбетова тағайындалды.Күн тәртібіндегі 2-мәселе бойынша жұмыс жоспары қайта қаралып, бекітіліп, колледж басшысының есебі қанағаттанарлық деп танылды.

«Алтын Орда» авторлық дизайн үйінің негізін қалаушы Ырза Тұрсынзада ханыммен кездесу
Қ. Дүтбаева атындағы Атырау гуманитарлық колледжінде қыркүйек айының 13-і күні «Құрмет» орденінің иегері, президенттік «Алтын сапа» сыйлығының иегері, «Алтын Орда» авторлық дизайн үйінің негізін қалаушы Ырза Тұрсынзада ханым, шәкірті Махмуд Майрагүл, Атырау облысы әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясаты жөніндегі комиссия жұмысының хатшысы Жалмурзина Зәмзәгүл ханыммен кездесу өтті. Кездесу барысында ғибратты ғұмырын өнер жолына бағыттап, бүгін де ел құрметіне бөленіп жүрген Ырза Тұрсынзада өзінің халықаралық дәрежедегі кәсіпкер атанғанға дейінгі кездескен қиыншылықтарымен бөлісіп, өзгеге ұқсамайтын, өзгені қызықтырар өмірін әсерлі әңгімемен жеткізді. Бұл жетістікке шыңдалған шабытпен, үлкен еңбекпен жеткенін айтқан болатын. «Ел іші – өнер кеніші» дегендей, атадан балаға мұра болып келе жатқан халқымыздың бай мәдени мұрасын елге таныту мақсатында 14-15 қыркүйек күндері колледж оқытушылары мен білім алушы студенттерге шебер сыныптарын өткізді. Ырза Тұрсынзаданың кең дариядай ақыл-кеңестері кейінгі буын өкілдері үшін таптырмас қазына, үлгі, өнеге десек қателеспейтініміз анық. Ырза апамызға зор денсаулық, сәтті сәттер, еңбегіне тың табыстар тілейміз. Ел игілігі үшін еңбек етіп, егемен еліміздің ертеңі болар өрелі өрендерді өнерге баулып жүре беріңіздер. Қызықты да ізгі еңбегіңіздің жемісі мен жеңісін көріп, шығар биігіңіз аласармасын дейміз.





